Павлодарлық жас жігіт сүйіктісінің 260 мың теңгесін қалтасына басқан
Павлодар облысында танысының сеніміне кіру арқылы оның ұялы телефонындағы банк қосымшасынан 260 мың теңгесін қолды еткен жас жігіт ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Жас жігіт Павлодар облысы Май ауданындағы ауылдардың бірінде өзінің танысының үйінде болып, оның телефонына және банк қосымшаларының деректеріне еркін қолжетімділікті пайдалана отырып, 260 мың теңге ақшасын букмекерлік сайттағы өз шотына аударған. Кейінірек, банк қосымшасындағы ақшасының жоғалғанын байқаған азаматша бірден полицияға жүгінген. Полиция қызметкерлері осы қылмысты жасаған күдіктіні анықтап, ұстады. Аталған факт бойынша ҚР ҚК-нің 188 – бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, – деді Павлодар облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров.
Павлодар облысының Полиция департаменті қазіргі таңда ұялы телефонның адам өміріндегі рөлінің жоғары екенін еске отырып, мұндай технологиялардың әмбебаптығына қарамастан, жеке деректердің қауіпсіздігі туралы ұмытпау керек екенін еске салады.
Сондай-ақ полиция қызметкерлері барлық қосымшалар мен телефонға құпия сөздер орнатуды, ұялы телефонда жеке деректерді, шоттардың, банк карталарының кодтары мен құпия сөздерін сақтамауды, жоғалған жағдайда телефонның орналасқан жерін анықтауға болатын телефон кодтары туралы жазбаларды сақтауды, сонымен қатар құрылғыда «орналасқан жер» және «құрылғыны табу» сияқты екі маңызды функцияның іске қосылғанына көз жеткізуді ұсынады.