Павлодарлық жүргізуші 5 жыл бұрын есептен шығарылған нөмірмен жүрген
Павлодар қаласында көлігіне бес жыл бұрын есептен шығарылған нөмір тағып жүрген жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Павлодар қаласындағы Естай көшесін патрульдеу кезінде полицейлер жол қозғалысы ережелерін бұзған көлікті байқаған. Жүргізуші өз көлігін «Тұруға тыйым салынады» деген белгінің жанына қойған. Құжаттарды ұсынуын сұрағанда жүргізуші барлық құжаттарын үйде ұмытып кеткенін айтты. Бұдан әрі, деректер базасы бойынша тексеру кезінде полицейлер автокөлікке тағылып тұрған мемлекеттік тіркеу нөмірінің бес жылдан астам уақыт бұрын есептен шығарылғанын анықтады. Көлік құралына көрінеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін орнату фактісі бойынша жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 3-бөлігі (Көлiк құралына көрiнеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерiн (белгiсiн) орнату) бойынша әкімшілік іс қозғалды, 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, – деді Павлодар қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының командирі Ренат Шәріпов.
Сондай-ақ жол белгілерімен немесе жолдың жүру бөлігіндегі таңбалармен белгіленген талаптарды сақтамағаны үшін аталған жүргізушіге қатысты әкімшілік іс қозғалып, ҚР ӘҚБтК-нің 601-бабы 1-бөлігі (Жол белгiлерiмен немесе жолдың жүру бөлiгiндегi таңбалармен көрсетiлген талаптарды сақтамау) бойынша үш АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Айта кетейік, жыл басынан бері Павлодар облысының полицейлері 1240 құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты.