Перзентханаға аман-есен жеткен келіншек павлодарлық полицейлерге алғыс білдірді
Павлодар облысы полиция департаменті бастығының атына едорда тұрғынынан алғыс хат келіп түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада халықаралық іс-шараларды өткізу кезеңінде Павлодар полициясының қызметкерлері Астана қаласында қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қорғауды жүзеге асырды.
– 6 шілдеде менде кенеттен толғақ басталды. Біз анаммен ауруханаға жолға шықтық, бірақ жол бойында кептелісте тұрып қалдық. Ауа қапырық болып, дем алу қиындап, әрі қарай шыдай алмадым. Анам осы жолда полиция қызметкерлері тұрғанын және олар қозғалысты реттеп жатқанын көрді. Ол полиция қызметкеріне жүгіріп барып, олардан көмек сұрады. Қызметкерлер ойланбастан бізді қызметтік көлігіне отырғызып, ауруханаға жеткізді. Олар дәрігердің кабинетіне дейін жетуге көмектесті және менің сөмкелерімді жеткізді. Мен қыз баламды аман-есен босандым, атын Кәусар деп қойдық. Мен Павлодар облысының полиция қызметкерлеріне Азамат Күркебаевқа және Нұрсұлтан Қапановқа азаматтардың өтініштеріне немқұрайлы қарамағаны және осындай ұқыптылықпен қарағаны үшін алғыс білдіріп, үлкен рақмет айтқым келеді. Оларға зор денсаулық пен адал қызмет етуді тілеймін,- деп жазады Томирис Жақыпжан.
Қыздың алғыс жазғанын білген полиция қызметкерлері босанудың сәтті аяқталғанына қуанып, сәбиге зор денсаулық және анасына тезірек сауығу тіледі.
– Полиция қызметкерлері үшін азаматтардың алғысы – ең жақсы баға. Біз тек азаматтық борышымызды орындадық, бізден көмек сұраған адамдарға көмектестік, – дейді Павлодар облысы ПД жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Азамат Күркебаев.