Петропавл полицейлері аялдама павильонын сындырған құқық бұзушыны ұстады
Петропавл полицейлері аялдама павильонын сындырған құқық бұзушыны ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz
Өткен жексенбі күні әлеуметтік желілерде аялдама павильонын ер адамның қалай сындырғаны жайлы видео тарады. Бұл оқиға 5 маусымда Петропавл қаласындағы Қизатов көшесіндегі аялдамада орын алғаны белгілі болды.
Аталған факті бойынша бірінші полиция бөлімінің қызметкерлері Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 434-бабы (Ұсақ бұзақылық) бойынша әкімшілік материал жинады. Қазіргі уақытта құқық бұзушылық жасағаны үшін Петропавлдың 28 жастағы тұрғыны ұсталды.
– Шешім қабылдау үшін материал сотқа жолданады. Әкімшілік заңнамамен айыппұл немесе 10 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жауапкершілік көзделген. Сонымен қатар, құқық бұзушы шығынның орнын толтыруы тиіс, – дейді Петропавл қаласы ПБ бірінші полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Қанат Жұмабаев.
Ұсталған адам аталған видеоны әлеуметтік желілерде көргенде қатты ұялғанын айтты. Жас жігіт барлық қалалықтардың алдында өзінің қылығы үшін кешірім сұрады.