Петропавл полицейлері күдіктіден жауап алу нәтижесінде есірткі жасырылған 15 орынды анықтады
Петропавл полицейлері күдіктіден жауап алу нәтижесінде есірткі жасырылған 15 орынды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдеріне Петропавл қаласының 21 жастағы тұрғынының синтетикалық есірткілерді тарату мақсатында есірткі жасыруға қатысы бар болуы мүмкін екені туралы ақпарат келіп түсті.
Ол ақпан айында жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде ұсталды. Жеке тінту кезінде одан ақ түсті ұнтақ тәрізді зат салынған 10 полимерлік түйіншек тәркіленді. Жас жігіттің жауабы бойынша полицейлер қала орталығынан есірткі жасырылған тағы 15 орынды анықтады. Барлығы 20,22 грамм болатын есірткі тәркіленді, сараптама қорытындысы бойынша бұл α-PvP синтетикалық препараты болып шықты.
– Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Соттың санкциясы бойынша күдікті қамауға алынды. Жыл басынан облыста есірткі сатты деген күдікпен барлығы 22 адам ұсталды, оның 12-сі – 18 бен 25 жас аралығындағылар. Қылмыстық жолмен оңай олжаға кенелуді таңдаған жастар өз тағдырларын бұзады: психотроптық заттарды сату үшін қатаң жаза қарастырылған. Естеріңізге сала кетейік: ҚР ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігінің санкциясы бойынша 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, – дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Иван Терзиди.