Петропавл полицейлері мас тұрғынның үйінен шолақ мылтық тәркіледі
Петропавл полицейлері мас тұрғынның үйінен шолақ мылтық тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«102» арнасына масаң күйдегі 61 жастағы қала тұрғыны тарапынан отбасылық жанжал фактісі бойынша қоңырау келіп түскен. Учаскелік полиция инспекторы мән-жайды анықтау кезінде үйден дара ауыз тегіс ұңғылы шолақ мылтық тауып алған. Келіп жеткен жедел-тергеу тобы қаруды тәркіледі.
Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабы 3-бөлігі (Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Шолақ мылтық сараптамаға жіберілді. Осы баптың санкциясы ірі мөлшердегі айыппұлдан 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
– 3 ақпаннан бастап облыс аумағында «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері қару иелерін тексеруде, қаруды заңсыз сақтау фактілерін анықтауда. Осы мақсатты орындауға учаскелік инспекторлар да бағытталды. ЖПІШ кезінде шолақ мылтық пен патрондарды заңсыз сақтау бойынша 3 қылмыстық іс қозғалды. Тіркелмеген тегіс ұңғылы қаруды сақтағаны үшін 28 адам әкімшілік жауапқа тартылды, – дейді СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.
Полицейлер облыс тұрғындарына тіркелмеген қару мен оқ-дәрілерді ерікті түрде тапсыру, адамның іс-әрекетінде өзге де қылмыс құрамы болмаса әкімшілік пен қылмыстық жауапкершіліктен босататындығын естеріне салады.