Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавл полицейлері қардың тазаланбағаны үшін бір мыңнан астам ескерту жасады

Көктем келгелі Петропавл полицейлері қардың тазаланбағаны үшін бір мыңнан астам ескерту жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Көктемде қаланы қардан, үйлердің шатырларын сүңгілерден тазарту аса өзекті. Петропавлда учаскелік полиция инспекторлары абаттандыру ережелерін сақтау бойынша рейдтерге күнделікті шығады. Алдын алу жұмысы – басты назарда. Тәртіп сақшылары барлық меншік иелерімен әңгіме жүргізіп, қарды уақтылы шығару, шатырларды дер кезінде тазалау қажеттігін түсіндіреді. Жыл басынан полицейлер кәсіпкерлермен 194 әңгіме жүргізді. Облыс орталығының Қазақстан Конституциясы, Пушкин, Потанин, Интернациональная сияқты ұзын және көлік пен адам легі толастамайтын көшелеріне ерекше назар аударылады. Қала көшелерінің қардан тазаланып, көзге жағымды көрінуі көп жағдайда сауда орындары, сән салондары, дәмханалар мен мейрамханалар, басқа да бизнес-объектілер иелерінің аумақты тазалау бойынша міндеттерін орындауына байланысты.

Өткізілген рейдтер нәтижесінде полицейлер кәсіпкерлерге – 128, үй шатырларын қардан тазаламағаны үшін ПИК жетекшілеріне – бес, екі ЖШС ескерту жасады. Қайта тексерген кезде барлық бұзушылықтардың жойылғаны анықталды. Тек бір жағдайда ғана кәсіпкерге айыппұл салуға тура келді.

– Сондай-ақ, 1243 жеке тұлғаға ескерту жасалды, – деді Петропавл қ. ПБ бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин. – Өткізілетін рейдтердің мақсаты айыппұл салу емес, айыппұл тек ескертуден нәтиже болмаған жағдайда ғана салынады. Уақтылы жиналмаған қар су тасқынына алып келуі мүмкін, мұны түсінген жөн. Кез-келген уақытта жерге құлап түсуі мүмкін үй шатырларындағы сүңгілер адамдардың денсаулығына аса қауіпті. Халықты абаттандыру ережелерін сақтау бойынша міндеттеріне жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Сондай-ақ, көктем кезінде көпқабатты үйлерге тым жақын жүруге болмайтыны туралы ескертеміз. Ересектер балаларға сүңгілердің қаупі туралы ескертуі тиіс.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру