Петропавл тұрғыны танкіге қарсы оқу минасын тауып алды
Петропавл тұрғыны танкіге қарсы оқу минасын тауып алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл тұрғыны минаға ұқсас тот басқан металл затты тауып алды. Зейнеткер күмәнді затты өткен сенбі күні кешке таман Жамбыл көшесіндегі көлікжайлар тұрған аумақтағы ағаштардың арасынан байқаған. Ол бұл туралы жақын маңдағы учаскелік полиция пунктіне барып хабарлайды.
Аталған затты тексеру үшін мекенжайға СҚО Полиция департаментінің қызметкерлері мен шұғыл қызметтер шығады. Олар келгенге дейін төңірек қоршауға алынып, қауіпсіздік шаралары қолға алынды. Сырттай тексеру бұл заттың қатты коррозияға ұшыраған танкіге қарсы мина болуы мүмкін екенін көрсетті. Тиянақты тексеру мен зерттеуден соң, күндізгі уақытта жою үшін жарғыштехник-мамандар оны арнайы көлікке орналастырды. Полиция қызметкерлері 6637 әскери бөлімінің полигонында жою жұмыстарын жүргізді.
Жарғыштехник-мамандардың айтуынша, бұл оқу минасы екен. Қатты тот басқандықтан және сыртқы таңбалары болмағандықтан, минаның нақты қай жылғы екенін білу мүмкін болмады.
Полицейлер ескерткендей, бұл заттардың сыртын тот басып, шірік кірсе де, әлі де қауіп тудырады. Ішінде жарылғыш зат болуы мүмкін. Бұндай заттарды тауып алған жағдайда бірден ішкі істер органдарына хабарлау қажет. Полиция қызметкерлері келгенге дейін өз бетіңізден әрекет жасап көрмеген және жақындамаған дұрыс. Өміріңіз үшін қауіпті.