Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда 60-тан астам қаңғыбас қабылдау-тарату орнына жеткізілді

Петропавлда полиция қызметкерлері тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлғаларды анықтауға және тексеруге бағытталған рейдтік іс-шараларды жалғастырып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Күн сайын қабылдау-тарату орнының қаңғыбастарды жинау тобы үй-күйсіз жүрген адамдар болуы мүмкін орындарды тексереді. Полиция қызметкерлеріне қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды, оқыс оқиғалардың алдын алу міндеті жүктелген. Тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлғалар қылмыстық әрекет жасап қана қоймай, өздері де қылмыс объектісіне айналуы мүмкін. Бұдан бөлек, осы санаттағы адамдардың арасында із-түссіз жоғалған және іздеудегі қылмыскерлер болуы мүмкін.

Қаңғыбастарды жинау тобы баспанасыз жүргендерді ең алдымен қабылдау-тарату орнына жеткізеді. Бұл жерде олар барлық есептер мен бағдарлар бойынша тексеріледі, қажетті көмек көрсетіледі. Бұдан кейін олар Жұмысшы кентінің шет жағында орналасқан түнгі түнеу орнына жеткізіледі. Мұнда олар жылы бөлмеде түнеп шыға алады. Рейд барысында полицияға орта есеппен алғанда 7-8 адам жеткізіледі.

Петропавл қаласы полиция басқармасы құрамындағы қабылдау-тарату орнының бастығы Болат Баймақановтың ақпаратынша, жыл басынан қабылдау-тарату орнына 60-тан астам адам жеткізілген. Соттың санкциясымен 15 адам орналастырылған. Қолда бар есептердің көмегімен бұрын сотталған бес адам анықталған.

Полицейлер ескерткендей, тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлғалардың топтасып жиналғанын көрген азаматтар қабылдау-тарату орнының кезекші бөліміне (8 -7152-52-92-99) хабарласуға немесе тәулік бойы жұмыс істейтін «102» арнасына жүгінуге болады. Сондай-ақ тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлғалар туралы немесе қылмыс пен құқық бұзушылық жайлы «102» мобильдік қосымшасын пайдаланып бейнеқоңырау шалу немесе мәтіндік хабарлама жіберу арқылы хабарлауға болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру