Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда алаяқ бірнеше студентті 2 миллион теңгеге алдаған

Петропавлда алаяқ бірнеше студентті екі миллион теңгеге алдаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Петропавлдық полицейлер бірнеше алаяқтық жасаған күдіктіні ұстады. Қаскөй алаяқтық құрбандарын таныстары арқылы тауып, оларға сыйақы үшін ұялы телефон алуға тауарлық несие ресімдеуге көмегін ұсынып, кейін «банктегі байланысымен» несиені өтеп беретінін айтқан.

Жәбірленушілер алған телефондарын алаяққа беріп, уәде етілген 10 мың теңгелерін алған, алайда біраз уақыттан кейін несеиелерінің жабылмағанын біледі. Бірнеше арыздан кейін петропавлдық жедел уәкілдер күдіктіні ұстайды. Ол 20 жастағы петропавлдық болып шықты. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдікті күзетпен қамауға алынды.

– Қазіргі уақытта істе 10 шақты эпизод бар. Келтірілген шығын сомасы 2 миллионға жуық. Жәбір көрушілердің тізбегін анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Айта кететіні, олардың барлығы дерлік студенттер, жастары күдіктімен шамалас. Олар несие ресімдеу үшін жеке мәліметтерін берген. Енді алаяқ құрбандарының несиелерін «банктегі байланыс арқылы» емес, өздерінің төлеулеріне тура келеді. Екі ай бұрын дәл осындай алаяқтық түрімен жұмыс істегенбіз. Осыған байланысты күмәнді ұсыныстармен келіспеуге және жеке мәліметтеріңізді ешкімге бермей, сақ болуға шақырамыз, – деп нақтылады Петропавл қалалық ПБ бастығы Жандос Мұқатов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру