Петропавлда «Lexus» автокөлігінің жүргізушісі 8 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды
Петропавлда «Lexus» автокөлігінің жүргізушісі сегіз жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Патрульдік полицейлер сәуірдің 9-на қараған түні шамамен сағат 03:30-да Абай мен Жұмабаев көшелерінің қиылысында «Lexus 570» автокөлігінің жүргізушісін тоқтатқан. Тізгінде қаланың 32 жастағы тұрғыны болған. Алкогольдің иісі болмаған, алайда, жүргізушінің әрекеттері күдік тудырды. Ер адамға медициналық куәландырудан өту ұсынылды, алайда, ол үзілді-кесілді бас тартқан. Аталған факті бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 613-бабы 4-бөлігі бойынша материал жинастырылды. Баптың аталған бөлігімен алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйін куәландырудан өту туралы полиция қызметкерінің заңды талабын орындамағаны үшін жауапкершілік көзделген. Сот шешімімен қала тұрғынына 15 тәулікке қамауға алу және сегіз жылға көлік басқару құқығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.
– Егер куәландыру масаңдық дәрежесін көрсеткен жағдайда, жүргізуші куәлігінен айыру мерзімі жеті жыл болар еді, — дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбах. — Жүргізушілерден заңнаманы бұзбауды және билік өкілдерінің заңды талаптарын орындауды сұраймыз. Барлығы төрт күннің ішінде облыс жолдарында 18 мас жүргізуші анықталды. Бұл СҚО-да бастау алған «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасының алғашқы күніндегі нәтижелердің бірі.
Іс-шара өткен кезеңде өңірде жол жүрісі қағидаларының 2219 түрлі бұзушылығы анықталды, оның ішінде 39 факті – бағдаршамның тыйым салатын белгісіне өту, жаяу жүргіншілерге басымдық бермеудің 51 жағдайы, 158 жылдамдық режимін бұзушылық және 61 маневрлеу қағидаларын бұзу.