Петропавлда полицейлер есепте тұрған отбасыларды тексерді
Петропавлда полицейлер есепте тұрған отбасыларды тексерді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавлда ювеналды полицейлер “Түнгі қаладағы балалар” жедел-профилактикалық іс-шарасы қарсаңында бірнеше мекенжайға барды. Тәртіп сақшыларынан бөлек, аталған іс-шараға кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның, қорғаншылық органдарының және Аналар үйінің өкілдері қатысты.
Ата-ана міндеттерін орындамаудың екі фактісі тіркелді. Алынған ақпарат бойынша бір отбасында мас күйдегі отағасының жанжал шығарғаны анықталды. Екіншісінде қауiптi жағдайда қалдыру фактісі тіркелді: қараусыз қалған кішкентай бала ыстық жерді ұстап, қолын күйдіріп алған. Екі жағдайда да ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Сондай-ақ бұрын кәмелетке толмағандардың құқықтары бұзылған отбасылар да тексерілді. Қабылданған шаралар тиімділігін көрсетті: жаңа бұзушылықтар анықталған жоқ.
Сағат 22:00-ден кейін компьютерлік клубтар мен түнгі көшелер тексерілді. Кәмелетке толмаған жасөспірімнің заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болуының бір фактісі анықталды.
– Осындай рейдтер облыстық “Түнгі қаладағы балалар” іс-шарасы шеңберінде 15-17 қараша аралығында күшейтілген режимде жүргізіледі. Полиция жұмысы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан “Заң және тәртіп” қағидатын іске асыруға бағытталған, бұл кәмелетке толмағандар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруды, қадағалаусыз қалу фактілерін жоюды талап етеді, – деді СҚО ПД бастығының міндетін атқарушы Құрманғали Ысмағұлов.