Петропавлда полицейлер мен сот қызметкерлері жасөспірімдермен кездесті
Петропавлда полицейлер мен сот қызметкерлері жасөспірімдердің қатысуымен болатын қылмыстың алдын алу мақсатында колледж оқушыларымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ювеналдық полиция қызметкерлері Петропавл жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің студенттерімен өткен кездесуге судьяны шақырды. Петропавл қаласы әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы Дархан Бейісов жасөспірімдермен құқықтық тақырыпта әңгіме өрбітті. Ол әкімшілік сотта жиі қаралатын ұсақ бұзақылық, ішімдік ішу немесе қоғамдық орындарда масаң күйде жүру сияқты құқық бұзушылықтарға тоқталды.
Дархан Бейісовтің айтуынша, жасөпірімдердің көпшілігіне заңды бұзу аса маңызды емес болып көрінгенімен, келешек өмірлерінде мамандық таңдауға кедергі келтіреді. Мәселен, мемлекеттік қызметке орналасудағы міндетті шарттардың бірі – кандидаттың да, оның жақын туыстарының да соттылығы болмауы тиіс. Сондай-ақ судья колледж оқушыларының кәсіптерімен тікелей байланысты қауіпсіздік техникасы, еңбек қатынастары және басқа да заңнама нормалары мәселелерін қозғады.
Полицейлер жасөспірімдерге қылмыстар мен құқық бұзушылықтар үшін қарастырылған жауапкершілік туралы айтып, қазіргі әлемдегі маңызды әрі кең таралған қорқыту, жыныстық қысым көрсетуге оқталу, қорқытып алу және жеке тұлғаға қарсы жасалауы мүмкін басқа да қылмыстарға баса назар аударды.
Петропавл қалалық полиция басқармасы құрамындағы жергілікті полиция қызметі бөлімі ювеналдық полиция бөлімшесінің аға инспекторы оқу орындарына шанышқылы-кескіш заттарды әкелуге жол берілмейтінін еске салды, сондай-ақ Dostyq Mall сауда-ойын-сауық орталығында терроризм актісі жасалғалы жатқаны туралы жалған хабарламаны жайлы айтып өтті. Оны жасаған үшін 16 жастағы жасөспірім ұсталды. Қазір ол 5 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуі немесе 5 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
– Кәмелетке толмағандардың арасындағы күшейтілген ақпараттық жұмыстар “Мектеп” жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде жүргізілуде. Іс-шара 26 қазанда басталды, 2 қараша күні аяқталады. Алайда жасөспірімдер арасындағы қылмыстарды болдырмау, кәмелетке толмағандардың заңды құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөніндегі жұмыстардың негізгі бағыттары ұдайы негізде жалғаспақ, – дейді Петропавл қалалық ПБ бастығы Марат Жұмалиев.