Петропавлда полиция бөлімінің бастығы оқушылармен және ұстаздармен кездесті
Петропавлда полиция бөлімінің бастығы оқушылармен және ұстаздармен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысында қалалық, облыстық полиция басшылары оқушылармен және ұстаздармен кездесулер өткізуді жалғастыруда. Петропавл қаласы полиция басқармасы құрамындағы екінші полиция бөлімінің бастығы Талғат Смағұлов жуырда бірден бірнеше мектепте кездесулер өткізді. Полиция басшылығы кездесулер барысында қалалықтардың көкейінде жүрген түрлі мазмұндағы сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарын тыңдап қайтты.
Полицейлердің айтуынша, жасөспірімдер буллингі, олардың арасындағы құқық бұзушылықтар, интернет-алаяқтықтың алдын алу сияқты маңызды тақырыптар көп. Бірінші қалалық жалпы білім беретін лицей, 20, 22, 44 орта мектептер – Талғат Смағұлов оқушылар мен ұстаздарды бүгінгі таңдағы қауіптер жайлы хабардар етіп, қауіпсіз жүріп-тұрудың негізгі ережелері айтып берді.
Полиция бастығының мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта интернет арқылы жасалатын қылмыстар саны басым. Интернет-алаяқтар күн сайын түрлі әдістерді қолданып, қомақты қаражаттарды қолдарына түсіріп жатыр. Желілік алаяқтар интернет пен гаджеттерден хабары жоқ азаматтарды ғана емес, түрлі жастағы, білім деңгейі әртүрлі адамдарды алдауға көшкен. Талғат Смағұлов айтып өткендей, бұрын тәртіп сақшыларының қолынан алаяқтардың қармағына түспеудің жолдары туралы жадынамалар мен парақшалар алған тұрғындардың өздері де алданып қалған.
Осындай кездесулер өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Технологиялардың дамуы адамдардың өмірін оңайлатып қана қоймай, қоғамдағы қауіпсіздік үшін тиісті шаралар қабылдауға мәжбүр етті. Солтүстікқазақстандық полиция басшылығының оқушылармен кездесулер өткізуі алдағы уақытта жалғаспақ.