Петропавлда прокуратура, полиция және жергілікті атқарушы органдар мектеп оқушыларының қауіпсіздігін талқылады
Петропавлдағы оқушылар сарайында облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұловтың төрағалық етуімен жергілікті атқарушы органдар, прокуратура және полиция өкілдері мектеп директорларының орынбасарларымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Күн тәртібінде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бірқатар өзекті мәселесі қаралды. Білім беру ұйымдары барлық қажетті техникалық нығайту құралымен және күзетпен толық қамтылмағаны атап өтілді. СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Нұрлан Жұмабаев атап өткендей, ауылдық округтердегі кейбір мектептерде «Дабыл түймелерін» пайдалану алгоритмі бойынша қосымша сабақтар өткізу қажет.
Кездесуде қаралған тағы бір маңызды мәселе – тиісті қарым-қатынастың болмауы. Жүсіп Жұмағұловтың айтуынша, кенеттен туындайтын оқыс жағдайлар туралы «үндемей қалу» кей жағдайларда мүдделі ұйымдардың осындай фактілер туралы әлеуметтік желілерден және мессенджерлердегі хабарламалардан ғана ақпарат алуына әкелетінін атап өтті.
Кездесуге қатысушылар мұндай келеңсіздіктерге жол бермеу туралы бірауыздан пікір айтты, объективті ақпаратпен өзара жедел алмасуға және барлық салада балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті кешенді шараларды қабылдауға келісті.