Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлғаларды түнеу орындарына жеткізуде

Петропавлда тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлғаларды түнеу орындарына жеткізуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қалалық Полиция басқармасы қабылдап-тарату орнының қызметкерлері тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлғаларды анықтау үшін күн сайын рейдтер жүргізуде. Ауа райының күрт төмендеуіне байланысты мобильді топ сағат 16-дан 24-ке дейін жұмыс істейді, полицейлер ауысымда шамамен сегіз үйсіз жанды жеткізеді.Подъездер, жертөлелер, жылу құбырлары, қоқыстар мен базарлар – тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлғалардың жүретін жерлері ұдайы тексеріледі. Қажет болған жағдайда мобильді топ бағыттарына жедел өзгерту енгізеді. Қылмыстарды ашу, із-түзсіз жоғалғандар, қылмыскерлерді іздеумен қатар, полицейлердің міндетіне қаңғыбастар тарапынан не оларға қатысты жасалған қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың профилактикасы, сондай-ақ жазатайым жағдайларға жол бермеу кіреді.

Мәселен, 39 жастағы Денистің жылу құбырларында, құдықтарда түнеп жүргеніне бірнеше ай болған. Азық-түлік қалдықтарымен жүрек жалғап жүрген, кейде еріктілер мен мейірімді жандар беріп тұрған. Қыс кезіндегі осындай өмір салты қайғылы оқиғаларға әкеп соғуы әбден мүмкін. Полицияның мобильді тобы қаңғыбастарды күнде кешке Жұмысшы кентінде орналасқан жылы түнеу орнына жеткізеді.

Петропавл қалалық ПБ қабылдап-тарату орнының бастығы Адай Смайылдың айтуынша, өткен жылда бұл жерге тұрғылықты мекенжайы жоқ 1976 адам жеткізілген. Қабылдау орнына оның 239-ы орналастырылды. Жеткізілгендердің барлығы полицияның тізімдік есебіне қойылды. Сонымен қатар, қылмыс жасауда күдікті деп танылған, іздеуде жүрген бес тұлға анықталды. Талдау, қаңғыбастардың арасында 33-44 жастағы адамдардың жиі кездесетінін көрсетті. Олардың басым бөлігі – ер азаматтар.

Тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлғаларды кезіктірген жағдайда қабылдап-тарату орнының кезекші бөліміне 8 (7152) 52-92-99 телефон нөмірі арқылы немесе 102 нөміріне хабарласу қажет. Сондай-ақ, қаңғыбастардың тобын көрсеңіз немесе қылмыс не құқық бұзушылықтың куәсі болсаңыз «102» мобильді қосымшасына мәтіндік хабарлама жолдай аласыз немесе бейнеқоңырау шала аласыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру