Петропавлда үш айда 1,4 мыңнан астам интернет-алаяқтықтың жолы кесілді
Петропавлда үш айда 1,4 мыңнан астам интернет-алаяқтықтың жолы кесілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов Петропавл қаласы полиция басқармасының бірінші тоқсан қорытындылары бойынша жедел кеңес өткізді. Бұл — өңірдегі ең ірі бөлімше, мұнда қылмысқа қарсы іс-қимыл жұмысы қарқынды жүргізіледі.
Жиын барысында қалалық полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов есеп беріп, тіркелген қылмыстар санының 11,3 пайызға төмендегенін атап өтті. Оның ішінде аса ауыр санаттағы қылмыстар 54,5 пайызға азайған. Сондай-ақ бопсалау деректері 25 пайызға, тонау 33 пайызға қысқарған. Бөтеннің мүлкін ұрлау, оның ішінде пәтер ұрлығы 21 пайызға төмендеген.
Дегенмен, өзекті мәселелердің бірі — интернет-алаяқтық болып отыр. Бұл бағыттағы төмендеу небәрі 2 пайызды құраған. Соған қарамастан мақсатты профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері 1441 құқық бұзушылықтың алдын алу мүмкін болды. Қала тұрғындары алаяқтармен байланысты дер кезінде үзіп, материалдық шығынға ұшыраудан сақтанған. Бұл көрсеткіштер тек полицияға тіркелген деректер негізінде қалыптастырылған.
Жиын қорытындысында Абай Жүсіпов Петропавл қалалық полициясының жұмысында оң нәтижелер бар екенін атап өтті. Сонымен қатар ол профилактикалық шараларды күшейту, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, мас күйде жасалатын қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ өзге де бағыттар бойынша жұмысты жандандыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Аталған міндеттер қаладағы криминогендік ахуалды жан-жақты талдау және "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасының негізгі қағидаларына сәйкес жүзеге асырылатын болады.
