Петропавлда жаңа учаскелік полиция пункті ашылды
Петропавлда жаңа учаскелік полиция пункті ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Биылғы көктемдегі алапат су тасқынынан зардап шеккен адамдарға арнап үйлер салынып жатқан Солнечный кенті Бірлік ықшам ауданының құрамына кіреді. Бұл ауданда 393 отбасы тұрып жатыр. Енді бұл аумаққа № 14 жаңа учаскелік полиция пункті қызмет көрсетеді.
Ол жалпы ауданы 100 шаршы метр болатын №1 үйде орналасты. Мұнда екі қызметтік кабинет, фойе бар. Компьютерлік техникамен, жиһазбен және басқа да қажетті құралдармен жабдықталған.
Аталмыш әкімшілік учаскедегі құқықтық тәртіпті сақтау Петропавл қалалық ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Ерлан Нөгербековке жүктелді.
Полиция қызметкері Нөгербеков учаскелік полиция пункті мен таяу тұрған қызметтік үйдің кілтін салтанатты жиын кезінде кәсіпкерлердің қаражатына салынған шағын ауданға қоныс аударғалы отырған басқа тұрғындармен бірге алды.
– Жаңа ауданда учаскелік полиция пункті бой көтерді. Енді адамдар сұрақтарымен тікелей осында жүгіне алады. Учаскелік инспектормен бірге жедел уәкіл, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспектор қызмет көрсетеді. Аудандағы қоғамдық тәртіпті бақылап отыру үшін полиция пунктінің мониторына 4 бейнебақылау камерасы қосылған. Полиция қосынының қолданысқа берілуі “қолжетімді полиция” қағидатын іске асырудағы маңызды қадамдардың бірі, – дейді СҚО полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов.