Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда жыл басынан еріктілердің қатысуымен 40 қылмыс пен 670 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды

Петропавлда жыл басынан еріктілердің қатысуымен 40 қылмыс пен 670 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қалалық Полиция басқармасы жанындағы еріктілер жасағы қаңтар айынан бастап жұмыс істейді, оның құрамына 62 адам кіреді. Жасақта – жігіттер де, қыздар да бар, 20-35 жас аралығындағы жастар. Олардың басым бөлігі – университетте және қала колледждерінде оқып жатқан болашақ заңгерлер. Сондай-ақ, жасақ құрамында жеке меншік күзет құрылымдарының қызметкерлері де бар. Еріктілердің ойынша, ішкі істер органдарына көмек көрсетудегі өзара іс-әрекет олар үшін жақсы тәжірибе. Олар көптеген бағыттар бойынша көмек көрсетеді: нашақорлықтың алдын алу, бейнебақылау камералары арқылы тәртіпті қадағалау, патрульдеуге қатысу, іс-қағаздарын жүргізу сияқты жұмыстар. Петропавл қ. ПБ жанындағы еріктілер жасағының командирі, отставкадағы милиция подполковнигі Петр Аксеновтың айтуынша, еріктілер жұмыстарын адал атқарды, әрқашан көмекке әзір. Көктемде, карантин енгізілген кезде қоғамдық көліктердің жүрмегеніне қарамастан, қыз-жігіттер күн сайын, екі ауысымда, ардагерлер мен жалғыз басты қарияларға қалалық емханалардан алатын дәрі–дәрмек рецептерін жеткізумен айналысты. Жұмыс барлық санитарлық нормаларды сақтап жүргізілді, әрқайсысынан төзімділік пен сергектік, ең бастысы – мейірімділік талап етілді. Петр Аксеновтің сөзінше, биылғы жылы Сәбит Болатов, Әлия Қазияқбарова, Алина Дружина, Валерия Машкова, Юлия Попова, Александр Фомин ерекше көзге түсті.

Қауіпті инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі карантиндік шаралардың біртіндеп алынып тасталуына қарамастан, еріктілер алдын алу жұмыстарын жалғастыруда. Жастар тамыз бойы карантиндік шаралардың сақтамалмауы әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін айта отыра, жадынамалар мен қорғаныш бетперделер таратты. Еріктілер халықтың санитарлық жағдайын нығайтумен қатар, қоғамдық тәртіпті сақтауға да белсене араласуда. Олардың қатысуымен жыл басынан бері 580-нен астам қоғамдық тәртіпті бұзғандар қалалық полиция бөліміне жеткізілді.

СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаевтың сөзінше, еріктілер 13 учаскелік полиция пункттеріне бекітілген. Әр учаске бейнетіркеу жүйесімен жабдықталған. Сыртқы бейнебақылау камераларының көмегімен еріктілер ұсақ бұзақылық, спирттік ішімдіктер ішу, қоғамдық орындарда темекі шегу, абаттандыру қағидаларын бұзу, белгіленбеген жерде иттерді серуендету сияқты әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтайды. Әкімшілік құқық бұзушылықтар анықтаған жағдайда ақпаратты учаскелік полиция инспекторларына береді, инспекторлар болса, оқиға орнына шығып, профилактикалық әңгіме жүргізеді немесе хаттама толтырады.

Мемлекет басшысы 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялауы кездейсоқ емес. Еріктілер жасағында адал атқарған жұмысы алдағы уақыттарда да зор септігін тигізеді: ішкі істер органдарының кадр бөлінісі полицияның жұмысына көмектесуде тәжірибесі бар жас заңгерлерді қызметке қуана-қуана қабылдайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру