Петропавлдың 20 жастағы тұрғыны аса ауыр есірткі қылмысы үшін бас бостандығынан айырылды
Петропавлдың 20 жастағы тұрғыны аса ауыр есірткі қылмысы үшін бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавлдың 20 жастағы тұрғыны 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол ақпан айында СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен ұсталды. Одан 397,62 грамм “тұз” деген атаумен белгілі “альфа-PVP” синтетикалық есірткісі тәркіленді. Полицейлер ұсталынғанның тұрғылықты жері бойынша электрондық таразы мен орайтын материалдарды тапқан. Тәркіленген заттың салмағы аса ірі көлемге жатады. СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Жандос Басыбаев атап өткендей, бұндай көлемдегі есірткі мыңдаған қыз бен жігітті нашақорлыққа тартуға қауқарлы.
Тергеу 2021 жылғы қыркүйек айынан бастап жас жігіт синтетикалық есірткі сататын интернет-дүкенде “есірткі жасырушы” ретінде қылмыстық әрекетті жүзеге асырғанын анықтады. Telegram мессенджері арқылы байланыста болып, бірнеше рет психотроптық заттардың аса ірі көлемін қабылдаған және оларды жасырын жерге салып кету арқылы таратқан. Өзінің әрекетін Петропавлда ғана емес, Қостанай облысы Рудный қаласында да жүзеге асырған.
– Аталған әрекеттер ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 4-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша сараланады және қылмыстың аса ауыр санатына жататынын ескертеміз. Баппен 10 жылдан 15 жылға дейiн бас бостандығынан айыру көзделген. Есірткі таратушысы ретінде оңай олжаға кеңелмекші жастар өздеріне қылмыстық қудалау қаупін төндіреді, – дейді Жандос Басыбаев.
Қазіргі уақытта “интернет-дүкен” бұғатталды.