Петропавлдық полицейлер 13 жастағы жасөспірімді іздеп тапты
Петропавлдық полицейлер 13 жастағы жасөспірімді іздеп тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
13 сәуір күні кешкісін белгісіз бағытта кеткен жасөспірімнің ата-анасы полицияға жүгінген. Дереу оны іздеуге учаскелік инспекторлар, ювеналдық полицейлер, патрульдік полиция, жедел уәкілдер мен басқа да қызметтердің қызметкерлері жұмылдырылды. Іздеу жұмыстарына еріктілер қосылып, әлеуметтік желілерде бағдарлар орналастырылды. Мессенджерлердегі ата-аналар чаттарына да ақпарат жіберілді. Ата-анасы бұған дейін өз күштерімен іздегенмен, еш нәтиже болмаған.
Келесі күні таңертең жасөспірімді учаскелік полиция инспекторы Дәурен Қамзенов тауып алды. Ол кәмелетке толмаған баланы ювеналдық полицейлерге табыстады. Анықталғандай, жаураған баланы облыс орталығында тұратын қамқор әйел түнеуге қалдырған. Таңертең ата-анасына хабарлауды жоспарлаған.
– Баланы ман-есен ата-анасына табыстадық. Профилактикалық сипаттағы әңгімелесу жүргізіліп, жауап алынды. Психолог маман жұмыс жүргізуде. Ересектерден балаларына бас-көз болуларын сұраймыз. Балалардың бос уақытына, тәртібіне назар аударған жөн, – дейді Петропавл қалалық ПБ ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы Эльмира Абушева.