Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлдық полицейлер қалалық саябақта орын алған тонау дерегін ашты

Петропавлдық полицейлер қалалық саябақта орын алған тонауды «ізін суытпай» ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жексенбі сағат 22 шамасында Петропавл қаласының 45 жастағы тұрғыны тоналғанын айтып «102» арнасына хабарласқан. Қылмыс қалалық мәдени және демалыс саябағында болған. Жәбірленушінің сөзінше, жанжалға ұласқан таныстықтың соңында жігіт оған дене жарақаттарын келтіріп, жеті мың теңгесін алып қойған. Петропавл қ. ПБ Жедел жоспарлау басқармасының бейнебақылау камералары жәбірленуші суреттеген қылмыскерге ұқсас ер адамды байқаған. Жедел уәкілдер одан мүліктік қылмыс жасағаны үшін бұрын сотты болған 1990 жылы туған қалалықты таниды. Келіп түскен хабарламадан кейін бір сағат ішінде күдікті  ұсталды. Аталған факті  ҚР ҚК 191-бабы 2-б. (Тонау) бойынша тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Ұрланған зат қайтарылып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Айта кететіні, күдікті де, жәбірленуші де қоғамдық орында масаң күйінде болған, бұл әрекеттері үшін екеуі де әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.

– Тонаулар көбіне далада жасалады, оның жартысы – көппәтерлі үйлердің аулаларында, – деп хабарлайды Петропавл қ. ПБ бастығы Жандос Мұқатов. – Әдетте қолсұғушылық ұялы телефондарға, сөмкелер мен әмияндарға жасалады. Жыл басынан облыс орталығы аумағында 47 тонау фактісі тіркелді. Аталған қылмыс түрін ашу 91% құрайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру