Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлдық полицейлер жоғалған итті иесіне қайтарды

Петропавлдық полицейлер жоғалған итті иесіне қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz

Патрульдік полиция қызметкерлерінің жұмысы қалыптан тыс жағдайларға толы. Қазан айының соңында Петропавл қаласы ПБ ППБ қызметкерлері Азат Зейнолов және Бауыржан Жаров иесіз жүрген асыл тұқымды ірі ит адамдарға абалап ұмтылуда деген хабарлама алған соң «Пирамида» сауда үйінің маңына барды. Ит қолға үйретілген екен, алайда орнынан қозғалмады. Тәртіп сақшыларының әр патрульдік автокөлікте болатын құтқару жабдықтарының ішіндегі арқанды пайдалануына тура келді. Өтіп бара жатқан адаммен бірлесе жануарды ұстап, патрульдік машинаның жүк салғышына отырғызып, СҚО ПД Кинологиялық қызмет орталығына жеткізді.

Орталық бастығы Самат Төлебаев айтып өткендей, орта азиялық овчарка онда еркін торда екі күн болған. Табылған ит туралы хабарландыру әлеуметтік желілердің танымал пабликтерінде жарияланды. Жұмысшы кентінің тұрғыны Найдасын танып, алып кетуге келді. Оқиға итті қауіпсіз жерге жеткізген патрульдік полиция қызметкерлерінің және екі күн бағып-қаққан кинологтардың арқасында сәтті аяқталды.

– Психологиялық мобильділік, ерекше жағдайда жедел әрекет ете білу және шешім қабылдау – патрульдік қызметкерлердің бойынан табылуы тиіс маңызды қасиеттер. Олар жол қозғалысы қауіпсіздігінің сақталуын бақылаумен қатар, оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жетеді, күдікті тұлғаларды ұстайды, шақыртуларға шығады. Жыл басынан патрульдік полицейлер 50-ден астам жедел-профилактикалық іс-шара өткізді, 600-ге жуық қылмысты ашуға қатысты, 100-ге жуығын «ізін суытпай» ашты, – дейді Петропавл қаласы ПБ ППБ командирі Қанат Әлімжанов

Полицейлер қала тұрғындарын бос жүрген иттерге, әсіресе масаң күйде жоламауға кеңес береді. Қаңғыбас иттерді аулау жөніндегі сұрақтармен Петропавл қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік, ауыл шаруашығылы және ветеринария бөліміне 8 (7152) 50-27-34 телефоны арқылы немесе Ikomek орталығының 109 нөміріне жүгінуге болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру