«Пластик әйнек шебері» 4 тұрғынды алдап кетті
Павлодар облысы Железин ауданында алаяқтық фактісі бойынша күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
6 тамызда Железин ауданы Полиция бөліміне ауданның бір ауылының төрт тұрғыны арызданды. Тұрғындардың айтуынша, пластик әйнек орнатуға сөз берген «шеберге» биыл маусым айында 260 мың теңге көлемінде қаражат берген. Ер адам клиенттерден ақшаны алдын ала төлем ретінде алған. Кейін ол байланысқа шығуын сиретіп, ізін суытқан. Нәтижесінде «пластик әйнек орнатушы шебер» тұрғындарды алдап, алған қаражатты өз қажетіне жұмсаған.
Жедел-іздестіру шаралары барысында Железин ауданы Полиция бөлімінің қызметкерлері 43 жастағы күдіктіні ұстады. Күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 1-бөлімі «Алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық кодекстің осы бабына сәйкес мүлкі тәркіленіп, бір мың АЕК дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Анықтамаға сүйенсек, облыс аумағында 796 алаяқтық фактілері тіркелген.