Пойыздың тоқтату кранын жұлып алған мас жолаушы айыппұл арқалады
Пойыздың тоқтату кранын жұлып алған Қостанай облысының мас жолаушысы айыппұл арқалады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана станциясындағы желілік полиция басқармасына елордаға жақындаған кезде тоқтату кранын қолдануына байланысты “Алматы – Петропавл” бағытындағы жолаушылар пойызы шұғыл тоқтағаны туралы хабарлама келіп түсті. Жоспарланбаған пойыз тұрағы 16 минутты құрады.Тексеру барысында көлік полицейлері заңсыз әрекет жасаған жолаушыны анықтады. Ол Қостанай облысының 36 жастағы тұрғыны болып шықты. Сонымен қатар тәртіп сақшылары жоғарыда аталған азамат масаң күйде болып, тоқтату кранын қажетсіз жұлып алғанын анықтады.
Құқық бұзушы акт бойынша пойыздан түсіріліп, оған ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабының 1-бөлігі бойынша екі әкімшілік хаттама толтырылып, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Естеріңізге сала кетейік, тоқтату краны тек ерекше жағдайларда ғана қолданылады, яғни вагонда жолаушылардың өміріне немесе қозғалыс қауіпсіздігіне қауіп төндіретін ақаулық пайда болған кезде, пойыз көпірде немесе көпірдің астында және жолаушыларды эвакуациялауға жол берілмейтін басқа да жерлерде тұрып қалған жағдайды есептемегенде, сондай-ақ өрт шыққан жағдайда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.