Полицейлер Балқаш көлінде тыйым салынған тәсілмен заңсыз балық аулаған тұрғынды ұстады
Балқаш ауданының ПБ жергілікті полиция қызметінің инспекторлары табиғатты қорғау заңнамасының талаптарын бұзуды болдырмау және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тұрақты түрде арнайы шаралар жүргізеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осындай шара барысында Қараөзек ауылынан 3-4 шақырым қашықтықта Балқаш көлінен заңсыз балық аулаған тұрғын ұсталды.
– Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабына (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Заңсыз балық аулаған Құйған ауылының 1985 жылы туған тұрғынының қолданыстағы заңнамаға сәйкес тыйым салынған пластикалық ауды пайдаланғаны анықталды. Қазіргі уақытта материалдық шығын есептелуде, – деді Балқаш ауданының ПБ ЖПҚБ бастығы Азамат Абдрахманов.
Тәртіп сақшылары қолға түскен браконьерден 100-ден астам балық тәркілеп, арнайы қабылдау орындарына өткізген. Тәркіленген балықтан түскен қаражат мемлекет пайдасына аударылатынын атап өту қажет.