Полицейлер Ертіс өзенінің бойында шомылған жасөспірімдерді анықтады
Полицейлер Ертіс өзенінің бойында шомылған жасөспірімдерді анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ыстық күндердің басталуымен көптеген адамдар көлдерге, өзендерге, су объектілеріне демалуға асықты. Суға шомылу маусымы қарсаңында Ертіс ауданының полиция қызметкерлері ТЖ қызметкерлерімен бірлесіп судағы жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған рейдтік іс-шаралар өткізді.
– Сонымен, кезекті рейд барысында су айдынында үлкендердің қарауынсыз демалған жасөспірімдер табылды. Белгілі болғандай, кейбір балалар ата-аналарына шомылуға баратыны туралы ескертпеген. Полицейлер балалармен және олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгіме өткізді. Оларға шомылу маусымы әлі ашылмағаны түсіндірілді. Кәмелетке толмағандардың Ертісте және басқа да су айдындарында ересектердің қарауынсыз болуына тыйым салынатыны туралы қатаң ескертілді, – деді Ертіс ауданының полиция бөлімінің бастығы Дәулет Молдабаев.
Осындай жағдай қайталанған кезде, кәмелетке толмағандардың ата-аналары ҚР ӘҚБК 127-бабы (Кәмелетке толмағанды тәрбиелеу және (немесе) білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша жауаптылыққа тартылатын болады.