Полицейлер Курчатов тұрғынының көлігін өрттен аман алып қалды
ШҚО полицейлері патрульдеу кезінде оталып тұрған көліктен шығып жатқан түтінді байқап, тұтанған өртті дер кезінде өшірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Егер полицейлер болмаса, Курчатов қаласы тұрғынының көліксіз қалуы мүмкін еді. Оқиға Абай көшесіндегі аулалардың бірінде болған. Патрульдік полиция инспекторы Заңғар Әбілмансұров пен криминалист Бақытбек Жұманкенов патрульдеу кезінде тұраққа қойылған автокөліктің капотының астынан шығып жатқан түтінді байқаған. Көлік оталдырылып тұрған, алайда салонда ешкім болмаған. Қауіптің алдын алуды көздеген полицейлер көлік қозғалтқышын өшіріп, аккумуляторды ағытқан.
– Тұйықталу салдарынан көліктің санаулы минуттың ішінде өртеніп кетуі мүмкін еді, бәрі ойдағыдай аяқталды, автокөлік зақымданған жоқ, – деп атап өтті Б.Жұманкенов.
Полицейлер көлік иесінің оны жылыту үшін арнайы оталдырып, қалдырып кеткенін, ал өзі пәтерге кірген кезде капоттың астында сымдар жанып жатқанын байқамағанын анықтады.
Көлігі оттан аман қалған тұрғын полицейлерге кәсіби шеберлігі үшін алғысын білдірді.