Полицейлер Қарағанды тұрғындарынан қару арсеналын тәркіледі
Полицейлер Қарағанды тұрғындарынан қару арсеналын тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Маусым айының басында Қарағанды облысы ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлеріне өңір аумағында кейбір тұлғалардың атыс қаруы мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтаумен айналысатыны туралы ақпарат түсті.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері 34 жастағы, 27 жастағы және 31 жастағы үш ер адамды анықтады. Олардың барлығы Қарағандының тұрғындары. Олар тыйым салынған заттарды бірнеше жерде сақтаған.
Қылмыстық іс бойынша өтетін екі айыпталушының фирмалардың бірінен жалға алған кеңсе бөлмесінен полицейлер травматикалық тапанша және күдіктілердің бірі қолданған көлікті тексеру барысында көлік ішінен броньдалған сауыт, аңшылық пышақ тапты. Сонымен қатар, полицейлер осы топтың мүшесіне тиесілі пәтерден броньдалған сауыт пен 40 патронды тауып алды.
Барлық заттай дәлелдемелер алынып, қылмыстық іс материалдарына қоса тіркелді. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Аталған факті бойынша полиция ҚР ҚК 287-бабы (Қаруды, оқ-дәрілерді заңсыз сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша қылмыстық іс қозғады.