Полицейлер қылмысты дер кезінде анықтады
Полиция қызметкерлерінің қадағалауы мен өз жұмысына деген жауаптылығының нәтижесінде оқиға орнында жедел ашылған қылмыстар санаты көбейді. Бұған жуырда орын алған бөтеннің мүлкін ұрлау дерегі айқын мысал болды.
16 қаңтар күні таңертең Тараз қалалық Полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері полиция капитаны Бауыржан Қабылов пен Әли Түзелбаев облыс орталығының аумағын патрульдеу барысында автомобиль дискілерін әкеле жатқан ер адамды байқаған. Іс-әрекеті күдікті көрінген 30 жастағы азаматты полиция қызметкерлері тоқтатып, жауапқа алады.
Оның жеке басын анықтау барысында ер адам алдымен вулканизацияға титан дискілерді апара жатқанын айтса, кейіннен тәртіп сақшыларына бөтен гараждан дискілерді ұрлағанын мойындаған. Осылайша полиция қызметкерлерінің қырағылығы мен ұқыптылығының арқасында бөтен мүлікті ұрлаудың нақты дерегін ашты.
Қазіргі уақытта күдікті Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігімен (тұрғын, қызметтiк немесе өндiрiстiк үй-жайға, қоймаға не көлік құралына заңсыз кiрумен жасалған ұрлық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.