Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полицейлер қызмет бабында қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына барды

Атырау облысы Полиция департаментінің басшылығы қызмет бабында қаза болған қызметкерлердің отбасыларына барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев пен оның орынбасарлары қызмет бабында қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасыларына барып, мерекемен құттықтады.

Алдымен облыстың бас полицейі 2019 жылы Жайық өзеніне секіріп, өзіне қол жұмсамақ болған азаматшаны құтқарып қалып, өзі қыршын кеткен Шалқар Ақымғалиевтың отбасына барды.

– Шалқарымның көзіндей інісі өсіп келеді. Мектеп бітірген соң, «Шалқар ағамдай полиция қызметкері боламын» деп жүр. Сізге және қызметкерлеріңізге шексіз алғыс білдіремін, ұдайы келіп, көмек беріп, құрмет көрсетіп, ұлымды естен шығармайсыздар, аман жүріңіздер, – деді Шалқардың анасы.

Бұдан соң Департамент бастығы қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан Асқар Бисекеновтің, Зияда Смақовтың отбасыларына барды.

Содан кейін 2009 жылы қызмет атқару кезінде автокөлік жүргізушісі қасақана қағып, қаза тапқан Нұрберген Өтемісовтің, 1974 жылы қарулы қылмыскердің қолынан қаза тапқан Владимир Худин мен Кабдрахман Ерниязовтың, қызмет бабында қаза тапқан Есжан Даулетияровтің, Қабдол Құлтасовтың туысқандарымен кездесті.

– Бейбіт күннің батырларына айналып, азаматтардың қауіпсіздігі үшін жанын қиған әріптестеріміздің ерлігі әрқашан жадымызда сақталады. Келер ұрпақ үшін олардың батырлығын мирас етіп жеткізу бізге міндет, – деді Қамза Үмбетқалиев.

Департамент бастығы қаза болған тәртіп сақшыларының отбасыларына сыйлықтар мен гүл шоқтарын табыс етті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру