Полицейлер Шымкент-Жетісай тас жолында жол-көлік оқиғасын жасаған мас жүргізушіні жауапқа тартты
Полицейлер жол-көлік оқиғасын жасаған мас жүргізушіні жауапқа тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР ЖҚЕ сақтауды қамтамасыз ету бойынша «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп, Сарыағаш АПБ-нің полиция қызметкерлері мас күйінде көлік жүргізудің кезекті жайтын анықтады. Яғни, Шымкент-Жетісай тас жолы бойында жол-көлік оқиғасы орын алған. Белгілі болғандай, «ВАЗ» автокөлігі қарсы жолаққа шығып, «Киа» автокөлігімен соқтығысқан. Жол апатынан зардап шеккендер жоқ, алайда көліктерге материалдық шығын келтірілген.
Тексеру кезінде тәртіп сақшылары «ВАЗ» жүргізушісі көлікті мас күйінде басқарғанын анықтады. Тәртіп бұзушы медициналық куәландыруға жеткізілді, ол мас болудың орташа дәрежесін көрсетті. Аталған факт ҚР ҚК-нің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе осындай адамның көлік құралын басқаруға жіберілуі) бойынша СДТБТ-де тіркелді.
Полицейлердің анықтауынша, жүргізуші бұдан алдында ішімдік ішіп, көлік тізгіндегені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі жүргізушінің көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын жүргізуді алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамға беруі) бойынша жауапқа тартылған. Сол кезде сот ЖҚЕ-ні бұзғаны үшін жергілікті тұрғынды жеті жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырғанын анықтады. Десекте,өз қателігінен қорытынды шығармаған жүргізуші, мас күйінде рульге қайта отырған. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынған.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жолаушыларды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Мас күйінде рульге отырмаңыз, бұл қалпына келтірілмейтін салдарға әкелуі мүмкін. Сондай-ақ, қашықтықты және маневр жасау ережелерін сақтау, жылдамдықты асырмау және қарама-қарсы қозғалыс жолағына шықпау қажет. Жүргізушілер есіңізде болсын: жол қателіктерді кешірмейді, жол ережесін сақтаңыз, бұл сіздің өміріңіз бен жолаушыларыңыздың денсаулығын сақтауға көмектеседі.