Полицейлер шыршаны заңсыз сатудың 400-ден астам фактісін анықтады
Заңсыз ағаш кесіп, дайындауды анықтау, қылқан жапырақты ағаштарды тасымалдау, сондай-ақ сату фактілерінің жолын кесу мақсатында жаңа жыл қарсаңында «Шырша» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Базарларда және басқа жерлерде 724 жедел топ құрылды, оның ішінде 434-і табиғатты қорғау органдарымен бірлесіп құрылған болатын. Осындай топтардың көмегімен 2,6 мыңнан астам рейд жүргізілді.
Көрші мемлекеттердің шекаралас облыстарының аумақтарынан әкелінген қылқан жапырақты ағаштарды белгіленбеген жерлерде, сондай-ақ тиісті құжаттарсыз сатуға тыйым салу бағытында елдімекендерде тексерістер жүргізілді.
Мәселен, «Шырша» операциясы барысында 700-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде 12-сі заңсыз кесу фактісі, 425-і белгіленбеген жерлерде сату, 302-сі жасыл желектерді ұстау және қорғау ережелерін бұзу.
4 қылмыстық іс қозғалды.
Мәселен, Таразда шыршаны тікелей жеке сектор аумағынан ұрлап кеткен ер адам ұсталды. Бұл туралы полицияға үй иесінің өзі хабарлады.
Қаскүнем түн жамылып биіктігі 2 метрден асатын жаңа жылдық мерекенің көшетін еш саспастан ұрлап әкетіп, 200 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірді.
Ұсталған адамның айтуынша, ол олжасын Жаңа жылды тойлау үшін үйіне әкелген.
Осы факті бойынша «Ұрлық» бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды.
ІІМ табиғатқа ұқыпты қарауға және табиғатты қорғау заңнамасын бұзбауға шақырады.
– Егер сізге заңнаманы бұзу фактілері белгілі болса, осы фактілер туралы «102» пультіне дереу хабарлаңыз, мүмкін болса, құқық бұзушылықтарды: фото немесе бейнежазба жасап жолдаңыз, – деп атап өтті ведомствода.