Полицейлер СҚО тұрғындарына адам саудасынан қалай қорғану керек екенін айтты
Полицейлер Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарына адам саудасынан қалай қорғану керек екенін айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Адам саудасы бүгінде жаһандық проблемалардың біріне айналды. Қылмыскерлердің негізгі мақсаты – сексуалдық және еңбекпен қанау, заңсыз жолмен асырап алу, трансплантация жасау үшін адам мүшелерін алу.
30 маусым – Бүкіләлемдік адам саудасына қарсы күрес күні солтүстікқазақстандық полицейлер үш күндік акция өткізді. СҚО ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері қоғамдық және үкіметтік ұйымдармен бірлесіп, 29-30 шілде күндері «Адам саудасын бірге тоқтатайық!» республикалық ақпараттық науқанын өткізді. Адам аяғы көп жүретін орындарда жадынамалар таратып, қаскөйлерден қорғану бойынша кеңестерін айтты.
– Өз құжаттарыңызды ешкімге бермеген жөн; жұмыс, оқу немесе шетелдегі неке туралы күмәнді ұсыныстардан аулақ болу қажет. Мұны әр адам, әсіресе, жастар естерінен шығармауы тиіс. Қабылдаушы тарапқа қатысты барлық ақпаратты, шекарадан шығу үшін қол қойғалы жатқан құжаттарды тексеріп алу керек. Сондай-ақ барғалы отырған мемлекеттегі Қазақстан елшілігінің дипломатиялық өкілдігінің байланыс мәліметтерін нақтылап алған жөн. Адам саудасына қатысты барлық фактілер туралы «102» нөміріне немесе «116-16» республикалық сенім телефонына хабарлаңыздар, – дейді СҚО ПД ҰҚҚКБ бастығы Жандос Басыбаев.