Полицейлер Үштөбеде жоғалған жасөспірімді тауып, үйіне қайтарды
Полицейлер Үштөбеде жоғалған жасөспірімді тауып, үйіне қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
7 қарашаға қараған түні Қаратал ауданының полиция бөліміне Үштөбе қаласының тұрғыны із-түссіз жоғалған 17 жастағы ұлын іздестіруге көмек сұрап жүгінді.
Тергеуші Арман Әлімжанов сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастап, тергеу жоспарын құрды, полиция бөлімшелеріне іздестіру бойынша бағыт-бағдар мен нұсқаулар жолдады. Кәмелетке толмаған баланы іздеуге полиция қызметкерлері мектеп мұғалімдері мен еріктілерді жұмылдырды. Бірлескен күшпен іздеуде жүрген жасөспірімнің болуы мүмкін жерлері толықтай тексерілді.
Талдықорған қаласында Нұрәліні бейнебақылау камераларының бірі түсіріп алған. Нәтижесінде Талдықорған және Алматы қалаларында іздестіру шараларын ұйымдастыратын бірнеше іздеу топтары құрылды. Кәмелетке толмаған балаға бағыт-бағдар әлеуметтік желілерге жарияланып, көрші облыстардың полиция бөлімшелеріне жолданды.
Жасөспірімді іздестіру соңғы бес тәулік бойы тоқтатылған жоқ.
Алматы қаласына жіберілген Қаратал аудандық полициясының учаскелік инспекторлары Айбар Ошақбай пен Нұржан Дәлібаев әріптестерінің көмегімен кәмелетке толмаған баланы анықтап, Үштөбе қаласына алып келді.
Нұрәлі үйіне қайтып оралды, қазір жақындарының жанында. Ата-анасы баласын іздеудегі табандылығы үшін тәртіп сақшыларына үлкен алғысын білдірді.