Полицейлер жабайы қабанды атып өлтірген браконьерді қолға түсірді
Түркістан облысында полицейлер жабайы қабанды атып өлтірген браконьерді қолға түсірді,-деп хабарлайды Polisia.kz тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, Түркістан облысы аумағында Полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасын өткізуде.
Іс-шараның мақсаты-табиғатты қорғау заңнамасы саласындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды анықтау және алдын алу, балық және басқа да табиғи ресурстарды заңсыз аулау фактілерінің жолын кесу.
Мысалы, Түлкібас ауданында тәртіп сақшылары мемлекеттік қорықта жабайы жануарларды заңсыз аулаған браконьерді қолға түсірді. Полицияға қорық аумағында белгісіз тұлғалар қабанды көзге іліп жүргендігі туралы хабарлама келіп түсткен. Тексеру барысында, полиция қызметкерлері қорық қызметкерлерімен бірге Шақпақ баба ауылының маңында қабанның денесін және тіркелмеген 16 калибрлі аңшы мылтығын тапты.
Күдіктілер белгісіз бағытта жасырынған. Аталған факті Түлкібас аудандық полиция бөлімшесінің сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 337-бабы («Заңсыз аң аулау») бойынша тіркелді. Күдіктілерді іздестіру барысында ,Түлкібас аудандық полиция бөлімшесінің полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасы кезінде жергілікті тұрғынды ұстады.Сараптама тағайындалды.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. «Браконьер» жедел алдын алу іс-шараларын жүргізу барысында полицейлер 10 экологиялық қылмыс пен 230-дан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықтады. Құқық бұзушыларға миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды.