Полицейлерге қарсылық көрсеткен: түркістандықтың іс-әрекеті полицейдің бейнежетонына түсіп қалды
Полиция қызметкеріне қарсылық көрсеткен түркістандық жүргізушіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан ҚПБ-ның ЖПҚ ППТ-ның инспекторы полиция Ерназар Сүйіндік өзіне бекітілген аумақта патрульдеу кезінде Түркістан қаласындағы көшелердің бірінде мемлекеттік нөмірсіз жүрген ВАЗ 2106 маркалы көліктің жүргізушісін тоқтатады. Тәртіп сақшысы заң аясында өзін таныстырып, не себепті тоқтатқанын жеткізіп, ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабымен хаттама толтырады. Жүргізуші автокөлігінің кілтін бермеген соң, полицей эвакуатор шақырады. Ал жүргізуші болса, көлікті алып кету кезінде қарсылық көрсетіп, боқтап, билік өкіліне қарсы негізсіз айыптаулар тағып, аузына келген былапыт сөздермен қорлай бастайды. Яғни, тұрғын өзінің теріс қылығын көрсетіп, одан әрі көліктің ішіне өрт қояды. Ол полиция қызметкеріне күш қолданып, иығындағы шендерін жұлып жіберген. Бұл жағдайлардың барлығы полицейдің бейнежетонына жазылған. Осыған байланысты құқықбұзушы ер адам ҚПБ-ға жеткізілді. Белгілі болғандай, ол жұмыссыз жас жігіт болып шықты.
Сондай-ақ жүргізушінің жөнсіз әрекеті ҚР ҚК-нің 380-бабы 1-бөлігімен (Билік өкіліне қатысты күш қолдану) және 378-бабы 1-бөлігімен (Билік өкілін қорлау) тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде. Іс бойынша жәбірленуші полицейге қатысты сот-медициналық сараптамасы тағайындалған.