Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавл полицейлері 9 жасар баланы қағып кеткен жүргізушіні іздеуде

Петропавл полицейлері тоғыз жасар баланы қағып кеткен жүргізушіні іздеуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

29 маусым кешке таман Петропавл қалалық полициясына кәмелетке толмаған баланың қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғасы фактісі туралы хабарлама келіп түсті. Жұмысшы кентінде Audi-100 көлігінің иесі Пугачев көшесінде велосипедпен келе жатқан тоғыз жасар баланы қағып кетіп, оқиға орнынан кетіп қалған. Бала медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілді.

СҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының іздеу тобының қызметкерлері автокөлік иесінің деректерін анықтады. Тәртіп сақшылары тұрғылықты жері бойынша көлік иесіне барғанда, көлікті анықтаған, бірақ иесі болмай шыққан. Оны іздеп табу үшін шаралар қабылдануда. Жол-көлік оқиғасына қатысты әкімшілік материал жинастырылуда. Бұдан бөлек, анықталмаған жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 611-бабы 2-бөлігі (Жүргізушінің жол-көлік оқиғасына байланысты өз міндеттерін орындамауы) бойынша хаттама толтырылды.

– Балалардың жол-көлік жарақаттануының алдын алу мәселелері әсіресе жазғы демалыс кезінде өзекті. Қала тұрғындарынан балаларына жолда қауіпсіз жүру ережелерін түсіндіруді сұраймыз. Сондай-ақ жол-көлік оқиғасына қатысы бар автокөлік иесі оқиға орнынан кетпеуі тиіс. Тек бір жағдайда, яғни зардап шегуші дәрігерлердің көмегіне мұқтаж болып, медициналық мекемеге өтіп бар жатқан көлікпен жеткізу мүмкін болмаған кезде кетуге рұқсат беріледі. Зардап шеккен адамды ауруханаға жеткізгеннен кейін жол-көлік оқиғасына қатысы бар жүргізуші оқиға орнына қайтып келуге міндетті, – деді СҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Жыл басынан ЖПҚБ іздеу тобының қызметкерлері жол-көлік оқиғасына кінәлі бола тұра, оқиға орнынан кетіп қалған 16 жүргізушіні анықтады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру