Полиция азаматтарды жол ережесін қатаң сақтауға шақырады
Полиция азаматтарды жол ережесін қатаң сақтауға шақырады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері Алматы қаласында 4 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Апаттар салдарынан 5 мыңнан астам адам зардап шекті, олардың ішінде өкінішке қарай, 45 адам қаза тапты. Полицияны әсіресе балалардың қатысуымен болған жол апаттары алаңдатып отыр. Сондықтан тәртіп сақшылары барша қазақстандықты ережелерді ескерусіз қалдырмауға шақырады.
— Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері – жылдамдықты асыру, арақашықтықты сақтамау, маневр жасау мен жаяу жүргіншілер өткелінен өту ережелерін бұзу. Мұндай жағдайлардың барлығын жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау арқылы тоқтата аламыз. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді барынша сақ болуға шақырамыз. Есіңізде болсын: рөлде отырып, сіз тек өзіңіздің ғана емес, айналаңыздағы адамдардың да қауіпсіздігіне жауапты боласыз. Қаламыздың жолдарын қауіпсіз ету үшін бәріміз бірге әрекет етейік, — деді Алматы қаласы ПД анықтау басқармасы бөлімінің бастығы Ержан Шайхиев.
Полиция барлық жол қозғалысына қатысушыны саналы әрекетке және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.