Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полиция Bi-Led шамдарын орнатуға байланысты жауапкершілік туралы ескертеді

Алматы облысында полиция Bi-Led шамдарын орнатуға байланысты жауапкершілік туралы ескертеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде кез келген көлікке Bi-Led шамдар орнату туралы жарнамалар жиі кездесуде. Алайда мұндай әрекеттер заңсыз және олар тек айыппұл салуға ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік тіркеу нөмірлерін тәркілеуге де әкеп соғуы мүмкін.

Кеден одағының "Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентіне сәйкес, кез келген жарық құралдары – жақын және алыс жарық шамдары, сондай-ақ тұманға қарсы шамдар – көлік құралдарының пайдалану құжаттамасына толық сай келуі тиіс. Көлік өндірушілері жарық көздерін нақты бір типке (қыздыру шамы, галоген, ксенон немесе жарықдиод) сәйкес жобалайды. Бұл талаптар бекер емес – олар жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған: қарсы бағыттағы жүргізушілердің көзін шағылыстырмау және жарық ағынының дұрыс таралуын сақтау үшін.

– Жарық ағыны 2000 люменнен асатын жарық көздерімен фараларды өз бетінше ауыстыру – аса қауіпті. Мұндай жағдайларда автоматты түзету жүйесі мен фара жуу жүйесі міндетті түрде болуы тиіс. Бұл элементтер болмаған жағдайда жүргізуші тек заңды бұзып қана қоймай, басқа жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіп төндіреді, – деп атап өтті полиция қызметкерлері.

Көлік құралының жарық жүйесіне рұқсатсыз кез келген өзгерістер енгізу – бұл қайта жабдықтау болып саналады. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабына сәйкес мұндай бұзушылықтар айыппұл салуға және бұзушылықтар жойылғанға дейін мемлекеттік тіркеу нөмірлерін тәркілеуге алып келеді.

Полиция ескертеді: заңсыз шам орнату – сән үрдісі емес, үлкен қауіп. Шамадан тыс жарқыраған фараларды орнатуға баратындар мұндай әрекет тек құқық бұзушылық емес, сонымен қатар басқалардың өміріне тікелей қауіп төндіретінін түсінуі керек.

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында полиция мұндай құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша белсенді профилактикалық жұмыс жүргізіп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру