Серік Кудебаев азаматтармен қарым-қатынас орнатудың тиімді құралдары жайында айтып берді
Алматы облысының полицейлері халыққа жақындай түсуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында, халықпен ынтымақтастық және сенім көпірін орнату мақсатында апта сайын Полиция департаментінің бастығы Серік Кудебаев пен әрбір ауданның аумақтық бөлімшелерінің бастықтары Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшалары арқылы азаматтарды онлайн қабылдауды жүргізуде.
Тек қыркүйек айында ведомство бастығына 185 азамат өз сұрақтарымен жүгінген.
Барлық өтініштер бойынша тиісті шаралар қабылданып, өзекті мәселелердің шешімі табылды, сондай-ақ құқықтық көмек берілді.
Эфир кезінде қылмыстық істерден бастап отбасылық – тұрмыстық қатынастар саласындағы консультацияларға дейінгі түрлі сипаттағы сұрақтар келіп түседі.
Ауыл тұрғындарының маңызды мәселелері эфирде жарияланғаннан кейін бірден шешіледі,- дейді азаматтар.
«Эфирде қойылған бірде-бір сұрақ назардан тыс қалмауы қажет. Біз халықтың сенімін иеленуіміз керек, ол үшін біз өз қызметімізді мүлтіксіз атқарып, адамдарды жиі тыңдап, олардың қайғы-мұңына құлақ асуымыз қажет. Біз осындай кездесулерді облыс аудандарында, тікелей аудандық бөлімшелер бастықтарының қатысуымен өткізу туралы шешім қабылдадық. Енді аудан тұрғындары аптасына бір рет аудандық полиция басқармалары мен бөлімдерінің басшыларына толғандырған сұрақтарын тікелей қоя алады», – деп атап өтті Алматы облысының ПД бастығы Серік Кудебаев.
Аймақ тұрғындары мен қонақтары өздерінің сауалдарын тікелей облыстың бас тәртіп сақшысына Instagram әлеуметтік желісіндегі police_almobl ресми парақшасында жұма күндері өтетін тікелей эфир арқылы жолдай алады.