Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полиция мас күйде көлік тізгіндегендерге қандай жаза қарастырылатынын еске салды

ІІМ апталық брифингінде «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы айтылды, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.

Жалпы акция барысында түрлі құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 360 мыңнан астам жол жүрісіне қатысушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Патрульдік автокөліктерде орнатылған автоматтандырылған тіркеу құралдарымен жылдамдық режимін асырудың 87 мыңнан астам фактісі анықталды. 9 мыңнан астам көлік айыптұрағына қамалды.

– Жол-көлік оқиғаларына жолдардың жай-күйі де әсер етеді. Сондықтан операция кезінде көше-жол тораптары тексерілді. Республика бойынша полиция 8 мың тексеру жүргізді. Жол қозғалысының қауіпсіздігіне теріс әсер ететін 23 мыңнан астам ақау анықталды. Оларды жою бойынша құзырлы органдарға 8 мыңға жуық ұйғарым жіберілді. Жолдардағы жағдайға жауапты 1179 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда, – деді департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

Спикердің айтуынша, мас жүргізушілер де жолдарда ерекше қауіп төндіреді.

– Автокөлікті мас күйде басқарғаны үшін заңнамада 15 тәулікке қамауға алу және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру түріндегі жаза көзделген. Ал автокөлікті мас күйде қайта тізгіндегені үшін өмір бойына жүргізуші куәлігінен айыру және 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Жыл басынан бері осылай көлік басқарған 227 адам анықталды, олардың басым бөлігі сотталды, – деп атап өтті Шыңғыс Алекешев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру