Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Оралдық екі дүркін әлем чемпионы полиция қызметкері болуды армандайды

Давид Бахирев – екі дүркін әлем чемпионы. Оралдың кішкентай тұрғыны полиция қызметкері болуды армандайды. Арманы асқақ жас спортшымен БҚО басшылығы кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Давид Бахирев – 12 жаста, 6-сынып оқушысы. Спортпен 2017 жылдан бері, яғни бес жастан бастап шұғылданады. Ол TAEKWONDO ITF, бокс, еркін күрес, футболмен айналысып келеді. Спорттан түрлі чемпионаттар мен жарыстарға қатысып, бірнеше жүлде иегері атанды. Оның қоржынында 70-тен астам медаль мен марапат бар. Соның ішінде Давид Қазақстанның бірнеше қалаларында TAEKWONDO ITF бойынша абсолютті чемпион иегері.

Сондай-ақ ол аталған спорт түрінен Беларусия мемлекеті Минск қаласында өткен әлем кубогының екі дүркін чемпионы. Ресей елінің бірнеше қалаларында өткен TAEKWONDO ITF және кикбоксинг бойынша халықаралық турнирлердің көп дүркін чемпионы. Орал қаласында өткен KUDO бойынша жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы.

БҚО Бокс Федерациясы ұйымдастыруымен өткен Батыс Қазақстан облыстық чемпионатының екі дүркін чемпионы (2021-2022жж.). Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған жеңіл атлетикадан Орал қаласының ашық чемпионатында 300 метрге жүгіруден алтын жүлде иегері. Сондай-ақ Шешен республикасы Грозный қаласында аралас жекпе-жектен ММА бойынша жарыстың күміс жүлде жеңімпазы атанған екен.

Бүгінде Давид “қызыл белбеу” иегері және спорт шеберінің кандидаттығын алу үшін жаттығуды үздіксіз жалғастыруда. Давид кішкентай жүрегімен полиция қызметкері болсам дейді. Кішкентай болса да, осы 12 жасына дейін үлкен белестерді бағындырған балақай “жол сақшысы боламын” деп өзіне мақсат қойған екен. Тіпті, қызыққаны соншалық, өзіне арнап полиция қызметкерінің нысанды киімін де арнайы тіктіртіп алған. Оның бұл қызығушылығын естіген полиция қызметкерлері оған қолдау білдірді. Департамент басшылығы онымен кездесіп, сәттілік тіледі.

Осы жаста талай сайыстарды бағындырған балақайға қолдау білдірген БҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Ж.Жаншин Давидтің қолын алып тұрып, болашақта полиция қатарына шақырды. Бойында мақтаныш пен сенім оты ойнаған ол полиция қызметінің күнделікті қызметімен танысты. Орал қалалық патрульдік полиция батальонының кешкі таратылымына қатысып, тәртіп сақшыларының тапсырма жазып, берілген пәрменді бұлжытпай орындау барысына таңдана қарады. Одан әрі патрульдік полиция көлігіне мініп, қала тыныштығын күзететін полицейлердің қызметін өз көзімен көрді.

Сонымен қатар кездесу кезінде Қазақстанның “Динамо” дене-шынықтыру және спорт қоғамы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары П.Ставкин жас спортшына динамошылар қатарына қосып, арнайы сыйлықтар тарту етті.

Давидтің отбасында үш ер бала өсіп келеді. Ол бауырларының ортаншысы, алдында 27 жастағы ағасы мен артында 3 жасар інісі бар. Давидтің атасы бұрын еркін күреспен айналысса, ал ағасы Илья бір кездері грек-рим күресімен және кикбоксингпен айналысса керек.

– Давид жас болса да оның биіктерге қол созған армандары тым бөлек. Ол өскенде полиция қызметкері болсам дейді. Баламның қиын да қауіпті салада еңбек етуге құлшынысы зор. Давид өзі бірбеткей, айтқанынан қайтпайтын, қайсар бала. Сондықтан оның полиция қызметкері болуына еш қарсылығымыз жоқ. Өмірде жолы болсын! Қолдау білдіреміз, – деп әкесі қолдау білдірді.

Адамға биікке самғау үшін қанат бітіретін ол – арман. Армандарың орындалсын, Давид!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру