Коронавирус: полиция мен дәрігерлердің дайындығы
Полицейлер, дәрігерлер мен эпидемиологтар коронавирустың пайда болуы мүмкін жағдайда қалай әрекет ету керектігін пысықтап, теориялық және практикалық оқу-жаттығуларын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Карантиндік іс-шаралар болған жағдайда полицияның жеке құрамы инфекциялық стационарларда қоғамдық тәртіпті сақтауды ұйымдастырады. Үй карантинінің сақталуын, сондай-ақ қауіпті адамдарды қадағалауды жүзеге асырады.
Қостанай облысы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің аса қауіпті эпидемиологиялық инфекциялар мен туберкулезді қадағалау бөлімінің басшысы Людмила Налобина әзірге алаңдаушылық жоқ екенін атап өтті.
– Облыста тұмау мен ЖРВИ-дің маусымдық өршуі байқалуда, үлкен қауіп жоқ. Бірақ жоғары қауіп жағдайында барлық сақтық шараларын ұстану қажет. Өңірге инфекция таралған жағдайда осы майданның алдыңғы жағында дәрігерлер мен полиция сақтық шараларға дайын болады. Сондықтан біз қазір облыстың барлық өңірлері бойынша бірлескен іс – қимылдарды пысықтау үшін оқу-жаттығу өткіземіз, – деп атап өтті Л. Налобина.
Облыста мұндай жағдай туындаған жағдайда қажетті костюмдер мен қорғаныш маскалары бар.
Естеріңізге сала кетейік, жақында еліміздің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин коронавирус Қазақстанда жақын арада пайда болуы мүмкін деп мәлімдеді.
– Біздің болжамымыз бойынша, 11-16 наурыз аралығында елімізде коронавирус пайда болуы мүмкін.Бірақ бұл болжам. Елімізде коронавирус анықталғаннан кейін үкімет бірден арнайы іс – шаралар өткізеді, – деді ол.
Коронавирустың негізгі белгілері – жөтел, жоғары температура, демікпе, құсу. Симптомдар анықталған жағдайда дәрігерді үйге шақыру қажет.
Алдын алудың негізгі шаралары :
– қолды және бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;
– спирттік антисептиктерді қолдану;
– адам көп жиналатын орындардан алшақ жүру;
– сырқат адамдармен қатынаста болмау.