Полиция павлодарлық жүргізушілерді жол қауіпсіздігін сақтауға шақырды
Полиция павлодарлық жүргізушілерді жол қауіпсіздігін сақтауға шақырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында патрульдік полиция қызметкерлері "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізуде. Аталған іс-шара аясында Республикалық маңызы бар автожолдарда тәртіп сақшылары жүргізушілермен және жолаушылармен күн сайын профилактикалық әңгімелер өткізіп жатыр.
Полиция қызметкерлері жол ережелерін сақтау маңыздылығын түсіндіре отырып, 2 мыңнан астам жадынама, буклет пен брошюра таратқан. Бұл ақпараттық материалдар көлік жүргізу мәдениетін арттыруға және жолдағы тәртіпті нығайтуға бағытталған.
Патрульдік полиция нарядтары апат жиі тіркелетін қауіпті аймақтарда тәулік бойы кезекшілік етеді. Әсіресе түнгі уақытта олар маяктары қосулы күйде жолдың қауіпті учаскелерінде болады. Бұл жүргізушілердің назарын аударып, қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырудың бір жолы.
Полиция департаменті жүргізушілерге жолға шығар алдында көлік құралдарының техникалық жағдайын мұқият тексеріп, ақауларды жою, жол үстінде қырағы әрі мұқият болу және жол қозғалысы ережелерін бұзбау қажеттігін ескертеді.
Мұндай профилактикалық шаралар жол-көлік оқиғаларының санын азайтып, барлық жол қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.