Полиция қызметкерін балағаттаған ШҚО тұрғыны қоғамдық жұмысқа тартылды
Учаскелік полиция қызметкерін балағаттаған Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны қоғамдық жұмысқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны ішімдік ішіп, әйелінің мазасын алған. Әйел учаскелік полиция қызметкерін үйге шақырып, ішімдікке тойып алған жолдасын тыныштандыруды өтінген.
Алайда азамат учаскелік полиция қызметкерінің өзін балағаттап, билік өкілін қорлаған. Осы ісі үшін азамат жауапкершілікке тартылды.
Сот отырысында азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 378-бабы (Билік өкілін қорлау) бойынша іс қаралды. Сот барысында азамат полиция қызметкерін балағаттағанын мойындады.
Ер адам ҚР ҚК-нің 378-бабы бойынша айыпты деп танылып, 20 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды. Қазіргі уақытта сотталған пробация қызметінің есебіне қойылып, күніне төрт сағат қар тазалап, қоғамдық орындағы қоқыстарды тазалау жұмыстарын атқарып жатыр.