Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбаған жүргізуші жауапқа тартылды

Павлодар облысында полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбаған жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

– 25 қарашада блок-бекетте полиция қызметкерінің заңды талаптарына бағынбаған 53 жастағы азамат ұсталды. Сағат 14.30 шамасында «Митсубиси L200» автокөлігінің жүргізушісі Шарбақты блок-бекетіне тиісті құжаттарын тексеру үшін тоқтаған. Аталған жүргізушінің де, жұбайының да Павлодар қаласына кіруге рұқсаты болған. Барлық рұқсат құжаттарын тексерген кезде полиция қызметкері жүргізушіге қауіпсіздік белдігін бекіту туралы ескерту жасаған. Жүргізуші ескертуге агрессивті жауап беріп, полиция қызметкеріне тіл тигізген. Аталған факт бойынша ер адамға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 667-бабы (Құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган, әскери полиция органы қызметкерінің (әскери қызметшісінің), сот приставының, сот орындаушысының заңды өкіміне немесе талабына бағынбау)   бойынша әкімшілік іс қозғалды, материал сотта қаралды. Сотқа дейін ер адам уақытша ұстау камерасында ұсталған. Сот қаулысымен жүргізушіге 20 айлық есептік көрсеткіш  көлемінде әкімшілік айыппұл салынды, – деді Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ғалым Сарғұлов.

Полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабына сәйкес құқық қорғау органдары қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау ескерту жасауға немесе 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алуға әкеп соғатынын түсіндірді.

Айта кету керек, жыл басынан бері Павлодар облысында құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбаған 154 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру