Полиция қызметкерлері Алматы мектептеріндегі жол қауіпсіздігін тексерді
Полиция қызметкерлері Алматы мектептеріндегі жол қауіпсіздігін тексерді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұрын хабарланғандай, Алматыда “Назар аударыңыз, балалар” республикалық ЖААІШ өтіп жатыр. Оның мақсаты – балалардың жарақаттануының алдын алу, жол-көлік оқиғаларының өсуін азайту.
Балалардың құқықтық санасын арттыру, жол қозғалысы ережелерін сақтай отырып, жолда өзін-өзі сақтау сезімін ояту қажет.
– Бүгінде Алматыда жаңа оқу жылы қарсаңында әкімшілік полиция қызметкерлері сауалнама жүргізген 212 жалпы білім беру мекемесі бар. Нәтижесінде 47 жаңа жол белгісі орнатылды, 43 жол белгісі қалпына келтірілді, 10500 м2 жол таңбалау сызығы салынды, 5242 жол белгісіне қызмет көрсетілді, 67 жеке жобадағы паннолар орнатылды. Сонымен қатар 78 реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінде жол белгілерін сары жиекпен ауыстыру жұмыстары жүргізілді, бұл өз кезегінде түнгі уақытта көлік жүргізушілерінің назарын аударады, – деді Алматы қаласы ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Болатбек Баятанов.
Аймақта балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және балалардың жарақаттануының алдын алу мақсатында 35 білім беру мекемесіне темір қоршаулар орнатылды. Білім беру мекемелерінде көлік жылдамдығын бақылау мақсатында “Сергектің” 12 бекеті жұмыс істейді. Сонымен қатар осы жылы “Сергектің” 97 бекетін орнату жоспарлануда.