Полиция қызметкерлері жаппай тәртіпсіздіктер кезінде зардап шеккен әріптестеріне барды
Полиция қызметкерлері жаппай тәртіпсіздіктер кезінде зардап шеккен әріптестеріне барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жалпы алғанда, жаппай тәртіпсіздіктерді, лаңкестік әрекеттерді ауыздықтау және мемлекеттік органдардың әкімшілік ғимараттары мен стратегиялық нысандарына қарулы шабуылдарды тойтару нәтижесінде Алматы полициясының үш қызметкері қаза тапты, 1 мыңнан астам құқық қорғау қызметкері жараланды және жарақат алды.
– Ең бастысы – қызметкерлер қиын-қыстау кезеңде шегінбей, өз денсаулықтарын қиып, азаматтардың, елдің, қаланың қауіпсіздігін қорғады. Сол қиын сәтте олар өз міндеттеріне, антына адал болды. Біздің қызметте “достық иық” ұғымы – киелі. Тағдырдың жазуымен қазір қатарда жоқ әріптестерімізді ешқашан тастамаймыз. Біз әрқашан қасыңдамыз, көмектесуге дайынбыз, – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Олжас Мырзабеков.
Еске салайық, жүздеген агрессивті адамдар тәртіпсіздіктерді, тонауды, қарақшылықты және басқа да заңсыз әрекеттерді басу кезінде полиция қызметкерлеріне, әскери қызметкерлерге бірнеше рет шабуыл жасап, соққыға жыққан.
Қаңтардың 5-і күні Алмалы аудандық ПБ жанындағы полиция бөлімінің әкімшілік ғимаратына жасалған шабуылға тойтарыс беру кезінде екі полиция қызметкері Ален Асылханов пен Ринат Қамбетов қаза тапты. Тағы бір тәртіп сақшысы Нұрболсын Алмасов стратегиялық маңызы бар нысандардың бірін қорғау кезінде қайтыс болды.
Әскери және қызметтік борышын өтеу кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы, сондай-ақ мемлекет мүддесін қорғаудағы ерліктері үшін бұл полиция қызметкерлері қайтыс болғаннан кейін ІІІ дәрежелі “Айбын” орденімен марапатталды.
– Ішкі істер министрлігі басшылығының, Алматы қалалық Полиция департаменті басшылығының, жеке құрамының, барша қазақстандықтардың атынан әріптестеріміздің тезірек сауығып кетуіне тілектеспіз және азаматтардың қауіпсіздігі мен елдегі тұрақтылықтың игілігіне қызметтерін жалғастырулары үшін оларды тағы да қатарда көреміз деп шын жүректен үміттенеміз, – деді Мырзабеков.