Полиция қызметкерлеріне екі күн ішінде кеңес алу үшін 8,5 мың тұрғын жүгінді
Полиция қызметкерлеріне екі күн ішінде кеңес алу үшін 8,5 мың тұрғын жүгінді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев «Жолдағы қабылдау» республикалық акциясын ұзартуды тапсырды. Акцияның алғашқы екі күні ішінде 8,5 мың адам кеңес алды.
Тәжірибе көрсеткендей, жүгінген әрбір бесінші адам армян нөмірі бар автокөлік құралын тіркеу тәртібіне қызығушылық танытты. Оның ішінде 840-тан астам адам көлік құралдарын рәсімдеу бойынша кеңес алды. Қазір бұл ең өзекті мәселе болғандықтан, көптеген тілек білдірушілердің барлық сұрақтарына мүмкіндігінше жауап ала алатындай етіп, азаматтарға жағдай туғызып, акцияны жалғастыру туралы шешім қабылданды.
Әлеуметтік желілерде ішкі істер органдары бөліністерінің ресми аккаунттарында жарты мыңнан астам тікелей эфир өткізілді. Полиция қызметкерлері 3,7 мың сұраққа жауап берді. Сондай-ақ, азаматтар «қауырт желі» телефондарына хабарласып, 450 кеңес алды.
Нәтижесінде «Жолдағы қабылдау» акциясының екі күнінде Армения Республикасынан әкелінген 900-ден астам автокөлік тіркелген.
Сонымен қатар, тұрғындарды әкімшілік айыппұл төлеу, жүргізуші куәлігін беру және басқа да мәселелер қызықтырды.